19.05.2022
  128


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Бүгінгі күн сенің көзің секілді.

Бүгінгі күн сенің көзің секілді.
Əрі мұңлы, əрі мөлдір, əрі əсем,
Бақтарға да тіл бітіпті бір əсем.
Дариядай ақын болып тумаппын,
Теңіздердей тебірене жырлас ем...
Шар ғаламнан шанағыма сыйса екпін,
Мама дала, мамырлата күй шерттім.
Қазақы бір қан жүгіртіп бетіне,
Сен жырлаған сол қыздарды биші еттім.
Сағыныштар сарын тауып пернеден,
Сары құстар зар үн тауып кеудеден.
Жарыла ұшқан қанаттардың астынан,
Сабылысқан сан ғажайып жол көр ем.
Қоңыр-қоңыр күйге малып қолды да,
Таптым ақыр баққа барар жолды да.
Мөлдір-мөлдір күй аңсаса жүрегің,
Күмбір-күмбір кеудем толы домбыра.
Ей, өмірден озу үшін келгендер,
Пенделердің етегіне ермеңдер.
Домбырадай ақын едім өзім де,
Қазанғаптың күйлерімен жерлеңдер.
Бүгінгі күн сенің көзің секілді...





Пікір жазу