19.05.2022
  154


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Желтоқсан жыры

Түсіме кіреді...
Қып-қызыл толқындар,
Ағатын бір алаңды қанға бояп.
Осы түн ұлыды бөрі біткен,
Тұмсығын айға қадап.
Өңкей бір нөкерлер,
Еркіндік тілеген.
Көздері – от,
сөздері – жебеден.
Айналдым, бостандық, атыңнан,
Бабамның рухы жебеген.
Ұқтырып мəңгілік өлімнің жоқтығын,
Көк зеңгір аспанға шашылды от нұрың.
Мендағы күні ертең
аттанам сен жаққа,
Жастанып жез қанат тұлпардың шоқтығын.
Лаулады жаңа оттар,
Қоламта өшпестен...
Ұмытпан ол күнді ұландар өрт кешкен.
Төрімде ілулі батырдың жейдесі,
Кеудесін оқ тескен.
Осы күн.
Желтоқсан.
Қазаққа Нұр келді.
Талқан ғып тар қапас темірлі түрмеңді.
Өзімнің аспаным,
Өзімнің топырағым,
Өзіңнен екі елі бөле алман іргемді.
Мəңгіге өшер ме,
бір сіңсе қан дағы.
Өмірлік өзгер ме,
ерліктің салмағы.
Сəбиің ұйқыда, басына жастанған,
Бабамның қанжары.
Білемін,
Ақжайық,
Атырау өзендер...
Сендерсіз жанымның жарасын кім емдер?
Көзімде шашырап тұр əлі сол оттар,
Белімде жарқырап жүр əлі берендер.
Осы таң ‒ ұлы таң шығатын шығыстан,
Ақ бұлттар таулардың артына ығысқан.
Көгілдір аспаннан бұлғаймын көк туды,
Көгілдір жершары шыққанша уыстан.





Пікір жазу