19.05.2022
  177


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Көне Мекке, сағыныш

О, асыл нұр,
Беу, иллаһи самалым...
Қабыл көргін мендей міскін амалын.
Мен түсімде жиі көрсем деуші едім,
Көне Мекке шаһарын.
Көне Мекке,
Қарт Қағба,
Өлшемім...
Саған жетер жолда арып өлсе құл.
Күмбір-күмбір
күмбездердің ішінде,
Азан даусы əлдилесе деуші едім.
«Иманы аш,
Рухы саяз,
Пəс құлға,
Кəусарыңның саумал нұрын шаштың ба?
Босағаңды сəжде етіп құларға,
Маңдайыма бақыт мөрін бастың ба?
Кешір, Алла,
Атар таңмен мінəжат.
Несіп, Алла,
Батар күнмен салауат.
Маһшар таңы жүзі қара деместен,
Маңдайымнан тұрса нұрың сорғалап.
Тал бесікке тербелгеннен жуылып,
Жер бесікке енгенше үш буылып.
«Аллағым...» деп
аққан жалғыз жаспенен,
Көлдей күнəм кетсе бірге жуылып».
Көне Мекке,
Көн тарих,
Еңселім...
Көкке қолым жайсам сені көкседім.
Біздің ғұмыр егіншінің өмірі,
Ертең соны орады ғой ексе кім.
Қара жолдар қанаттарын сабалап,
Мені азанмен оятады...
О, ғажап,
Сағынышым күрең жалды тұлпарым,
Күн түбінен кісінейді мазаны ап.
Хас жүректің,
Ізгілердің арманы,
Қайран, шаһар,
Кімге дəру қалғаны?..
...Шөлдеріңе боздап жетем бір күні,
Солай боздар біздің жақтың нарлары...





Пікір жазу