19.05.2022
  169


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Шеше, сен мені кешірші...

Шеше, сен мені кешірші...
Айықпай қабағымнан батпандай мұң,
Байқамай басқа əлемді басқандаймын.
Мен сенің мейіріңе шөлдеп жүрмін,
Асылып Алатаудан атқандай күн.
Көйлегіңнен жусанның исі аңқып сен,
Татыр ма бар қазынам жисам тіптен.
Тіліне қолым тисе бебеу қағар,
Көңілі күңіренген күйсандық па ең.
Шыға алмай бұл қаладан ол-пұлы көп,
Жаным жүдеп, жүргені дертім үдеп.
Түсімде де жете алмай жүрем елге,
Қуалап Жетіқаба толқыны боп.
Тағдырдың сан шайқалған кесесінде,
Ұлтанмын өз елімде есесіне.
... «Əлемнің жарығы...»
деп əн бастаймын,
Алматы.
Шəмші ағаның көшесінде.
Алматы.
Қайырсыздар қаласындай,
Ұлың жүр маңдайының бағы ашылмай.
Сағындым,
Саған жетем,
Сапар шегем,
Алтай мен Алатаудың арасындай...





Пікір жазу