19.05.2022
  230


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Шешеме

Шеше, қормалым, жалғызым менің,
Жарамды жазар жалбызым едің.
Қара бір жолға қарадың ба ұзақ,
Манаурап тағы алқызыл өңің.
Өмірді көрмей ештеңе құрлы,
Өзіңе ғана кестелеп жырды.
Сапарым алыс, жолдарым жырақ,
Білерсің одан кеш келерімді.
Сағыныш бүгін оттарын көсеп,
Көзімнен ыршып шоқтарым кесек.
Қалжырап келіп ұйықтармын қанбай,
Кеудеңе ыстық басымды төсеп.
Өктемдеу үнім өркенін жайды,
Қам жеме,
шеше, ертеңім жайлы.
Білемін саған ауыр да шығар,
Жалғыз да ішсең күп-күрең шайды.
Бүгінгі күнім аңыз ғой ертең,
Ақ бұлақ едім теңізге жетсем.
...Өткен бір күнге өкпелеп жүрмін,
Ақ жаулығыңды ағызып кеткен.
Қайратымды қарт тауға жанып,
Аспанда əсем жұлдыз боп жанып.
Ақ кемедейін оралам, шеше,
Ақ жаулығыңды желкен ғып алып.





Пікір жазу