19.05.2022
  102


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Шамырық

Қарлы боран,
Қанды түн,
Қаһарыңнан қайтпадым.
Дұшпанның да,
достың да,
тыңдамадым айтағын.
Ей, Түркінің бесігі – менің нұрлы, Алтайым,
«Алтайым» деп жырласам
Алты Алашты айтқаным.
Айдынымнан наз кетсе,
Аққу үркіп қаз кетсе,
Ана жұртым құлазып
Аруанадай зар төксе,
Қара қазық қағусыз,
Атағаштан ат кетсе,
Қарындасты қор ғылып,
Ат көтімен ап кетсе,
Емендейін иілдім,
Ерегестім сынбадым!
Құбыла бұрып жүзімді,
Жүрегімді тыңдадым...
Əй!..
Зарлымын!
Зарлымын...
Көзімнен ағып қанды ірің.
Шүлдірлеген шүршітке,
Ана жұртты таптаттым.
Шегір көзді көк бетке,
Ата жұртты таптаттым.
Қаным бір қайтпай қарыздан,
Мойным бір түспей парыздан,
Бір күні көрге кірген күн,
Қай бетімді айтпақпын.
Əй!..
Шерлімін!
Шерлімін...
Түймесін сүйіп шендінің.
Тар заманға илендім.
Қаршыға құстай көк тіліп,
Найзағайды сүймедім.
Бес күндік мына жалғанда:
Бес уақыт сəжде сүйе алмай,
Отыз күн руза сүре алмай,
Қағыба жүзін көре алмай,
Қараға қалқан бола алмай,
Қарашаның желінде,
Қара сұры қан жебе
Қабырғам сөгіп жан Алла-ай,
...Шырылдап ұшса шыбын құс,
Тұрағым болар бір қуыс.
Топырақ сонда кім салар..?
Алтайдан қалап бір уыс.





Пікір жазу