19.05.2022
  120


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Талас-қала...ғұн қаққан бір қадасын...

Талас-қала...ғұн қаққан бір қадасын,
Дабыра болды даңқы да Т ұрфан асып,
Мыңжылдықтың ол да елең-алаңында
Қанмен жазып бастады жылнамасын!
Оның қаһармандығы-бір ертегі...
Іргесіне қайтты он-сан түмен келіп!
Түйіле кеп қаншама кәр төккенмен,
Бұза да алмай қыш-қорған кіреукені.
Өтпеді оның жазы да, қысы да тек,
Ат ойнатты талай жау тұсына кеп.
Көп түртпектің осындай бірі, ақыры,
Ұласты ұлы қырғынға ушыға кеп!
Қанға бөкті сауыры қу даланың,
Сайда-саны,ал ізі-құмда қалып,
Қытай қауқар таныта алмай састы,
Өздерінен он есе аз ғұнға-дағы.
Сан ұмтылып ала алмай хан-қаланы,
Жау шегінбей, жылжымай алға-дағы,
Ғазауатта ғұн қанша кешті шаһит,
Аманат қып Таласқа арман-әнін.
Жау қаланы дәт қылды күл етпекке,
Еркегін-құл, әйелін-күң етпекке...
Жерін жатқа бастырмай...
мәңгілікке
Бірге ап кетті өзімен жүрек көп-көп.
Ханын қорғап , өліспей беріспеді,
Ақтара алмай мұң-шерін көбі іштегі.
Ғұндар өлді өзінің биігінде,
Жеңіліс ед бергісіз жеңіске бұл!
Аз болмады қара жер тартқан күнә,
Күл боп қала оранды нарт жалынға!
Қара қытай Шажа хан басын кесіп,
Боғды ханның апарып тартты алдына!
Аңғартады қанды ұрыс ізі нені,
Білмеді ешкім қанша алда ән үзілерін.
Ал бұл Талас қасіретнамасының
Құдайым-ай, құйттай бір үзігі еді!
Мәрттігіне сан семсер сындырылып,
Жауы алдында бас имес құлдық ұрып.
Тарихында Тараздың арғы-бергі
Атойлаумен болды осы ғұндық рух!





Пікір жазу