19.05.2022
85
Сезім көрсем...
Сезім көрсем, бесікке сап өбектеп,
Ақынға да айналамын мен ептеп.
Сезімдерге шүп-шүп толып кеудесі
Ақтарылып кетті дейсің кенет... көк!
Ақ жауынын төкті, төкті шелектеп...
Жасы ма бұл Тәңірінің көзінің,
Сыбдыр-сыбдыр әуенінің өзі – мұң.
Жер мен көктің арасында аңырып,
Ебіл-дебіл болған қайран сезімім!
Астаң-кестең жырын жазып ең ұлы,
Жатыр тамшы теңізіне шомылып.
Жасын ойнап, аспан жерге түскенде,
Көкке шығып кетті ме екен көңілім...