19.05.2022
  123


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Махаббат, ол...

Махаббат, ол – тек қана сезім емес,
Адамыңнан айырылудың өзі де – кеш...
Ол екінің біріне қона бермес,
Бір жалт етіп көрінер көзіңе, елес.
Болсын десең әр дайым шаттық үйде,
Ақ сезімнің шырағын жақ, күлімде!
Біреуге бар діліңмен берілдің бе –
Қолына қон құсы боп пәк күйіңде!
Жатар бір сыр жүректің ол түбінде,
Көрінсе де біреуге ерсі мүлде,
Тәніңмен де, жаныңмен басы бүтін
Берілу ғой біреудің меншігіне.
Ол не өзі... әлсіз бір шақалақ па?
Күйе жағар ұғым ба «лақабы» аққа?
Өз қолыңмен басқаға беріп қойып,
Жүру деген «ах» ұрып... махаббат па?
Оның, оның... ыстық қой мұңы мыңға,
Махаббат, ол – бағыну бір ұғымға,
Қосылуы жастардың бір-біріне
Ылайлатпай ешкімге тұнығын да!..
Мың сайран күй кешкен сол тұс лайланып,
Көңілінен бұл-бұлдай ұшса ай-дағы...
Ғашықтардың өледі ол көкірегінде,
Кете барар періште-құсқа айналып!
Махаббат! Ол екінің бірінде жоқ,
Не болмаса бірінде аз, бірінде көп!
Жанып-өшіп тұрады өлеусіреп,
Сезімдердің ұшында дірілдеп от!
Бұлт шалса бір сәтке, күніңде де,
Жұлдыз, айсыз қап-қара түніңде де,
Қасиет те, қадір де, құн да қалмас
Исі алынып, жұлынған гүліңде де!
У татиды кір жұғып бал-шырынға,
Күнде өледі бір өлең таң шығында...
Шамын жағып басқа үйдің кеткеннен соң,
Қалар дейсің махаббат қай сұлуда!
Уайым кешіп, бір жылап, бір күлу де,
Іңкәр болып біреуге үздігу де,
Жарасты ғой бәрі де жастық шақта...
Аруларды сүйсең, сүй қыз күйінде!
Махаббат, ол – жүректің бір тынысы,
Шарап та емес тауысар бір күн ішіп.
Ажырасып-қосылып жүргендердің
Шаңырағына қонбайды үркіп ұшып.
Аяулы ғой махаббат өз кезінде,
(Кешіккен соң, дайынсың өзгеруге).
Жеке хандық құрады өз әлемінде,
Қалықтауды сүйеді ол өз көгінде!
Жеке-дара... түспейді ол бөліске де,
(Ол жайлы әлі жазылар көп іште өлең).
Махаббат, ол... тілсіз тіл – бір тұңғиық,
Көзбен көріп, білу ғой тек ішпенен.
Әлдеқалай кір жұғып, тез былғанып,
Мұңлық жандар сезінсе өзін ғаріп.
Кетер ұшып махаббат өз көгіне...
Ал соңында тек сүю, сезім қалып!
Ол елге әлі ешкім де салмаған із...
Бірімізге-біріміз жалғанамыз,
Тек сол сүю сезімі ғана әзірге,
Махаббаттың соңында қалған аңыз!





Пікір жазу