19.05.2022
104
Бақытымды іздеп...
Жаз еді, жаздың күні жайдары еді,
Болатын аспандағы ай да әдемі.
Жоғалттым жанымдағы жарқылыңды,
Жастығым, жалын күнім қайда менің!
Ай нұры ақ жүзіңді аймалаған,
Сол күнді сағынышпен ойға да алам.
Дариға-ай, дүниені шыр айналсам да.
Өзіңдей жанды табу қайда маған.
Іздеймін, үмітімді бір үзбестен,
Сол кеште көгершіндер уілдескен
Сен тұрдың құшағымда, уысымда ай,
Бақытты жанның мен де күйін кешкем.
Сол тұста ғашық жандар күтті арманды,
Көз жасы секілденіп шықтар қалды.
Тәтті екен, сүртіп тастай алмадым ғой,
Ерніңнен ерініме жұққан балды.
Танырмын, бәлкім мүлде танымаспын.
Мен саған құшағымды тағы да аштым.
Шек бар ма құдіретінде ғашықтықтың,
Махаббат буына сол әлі маспын.