Кербұғы
Қашалғандай тұрқың мәрмәр тасынан,
Суретіңде ойға шомып отырдың...
Бұрқыраған бұйра-бұйра шашың, ал...
Бұқтырманың толқындары секілді.
Сағыныш-ән жетелеп сол күндерге,
Күтудеміз, үзігіндей жасынның
Бір жарқ етіп шығардай боп мінберге
Артқа қарай сілкіп тастап шашыңды...
Айттың бәрін көңіліңе кір жасырмай...
Келетінсің, кететінсің қайтадан
Елге деген аңсар-мауқың басылмай.
Сен жайлы енді орман шулап айтады ән!
Орман айтар, толқын айтар, жел айтар...
Сайқан, Сауыр толғайды жыр сен жайлы.
Сол күндерге сағынышымды да молайтар,
Самырсынды сазға сіңген балдай мұң!
Шыңғыстайды шимайлады жиі ізің...
Тыншытпайды өйткені сол шер-мұңың.
Шайқалтпастан шаңырақтай мүйізін
Шалқақтаған Кербұғым!
Соңыңа із тастап ақтың, жасын-ән,
Жаһаннамға теліп жүрек отыңды -
Түскен сәуле өр Алтайдың басынан,
Ойда жоқта кетілдің!
Бұл білгенге, жүрек тыншып бір ұлы,
Көзін сәтке ілуі!
Ой, сезімнің тұңғиықтай тұнуы,
Табиғаттың табиғатқа сіңуі!
Шыңғыстайда туған ұл-қыз бүлдіршін,
Қасқа құлын, сан дүлдүлден озар тай,
Болды бүгін өздері де бір-бір шың...
...Соларменен биіксің сен, өр Алтай!