19.05.2022
  113


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Бір кез біз де... шарпылып өтіне оттың,

Бір кез біз де... шарпылып өтіне оттың,
Ұшында өмір-бұтақтың дірілдеп ек...
Жетілдірдің, әйтеуір жетімектің
Бірін салып арқаға, бірін демеп!
Әлгі әзірде... сырласып, күбірлесіп,
Күн нұрына шомыла күлімдеп ек.
Қайда кеттің... Көшейдің құмында өсіп,
Қалдың сонда, құлаққа үнің келед!
...Бұл ғұмырдың белшеден мұңын кешіп,
(Бақ адамның бірінде аз, бірінде көп)
Мен тұп-тура бір ғасыр ғұмыр кешіп,
Жеткендеймін кешеден бүгінге кеп!
Келдім...
кетпейінші деп ардан аттап,
Иініме жүктеп бүтін бір ғасыр жүгін.
Ана-ғұмыр үзігін жалғамаққа
Жырлауға оның ақтығын, асылдығын.
Көшеден бір кемпірді көрсем де мен
Удай ашып, уылжып қалады ішім.
Берсем де өнер еліме, өрсем де өлең
Сүрсем де өмір-
бәрі де Анам үшін!





Пікір жазу