19.05.2022
  137


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Ауылда өтті менің көп-көп жылдарым...

Ауылда өтті менің көп-көп жылдарым,
Қазір соның бәрі-бәрі-тек елес.
Тағдырдың да тауқіметін, ызғарын
Ағамменен бірге көрдім, жеке емес!
Жолға шықтық атар алдан таңды іздей....
Өмір бізге оғын ерте кезепті.
Қайран анам, қорадағы малды үзбей,
Талдырмады, әйтеуір аш өзекті.
Үйелмелі-сүйелмелі үш мұңлық,
Жетімдіктің басқандай боп өксігін,
Тырбанумен алға ұмтылып, ышқындық
Жоқ пен бардың арасына қос тігіп!
Жетілген де жоқ едік қой онда аса,
/Аға, аға, бұл да тағдыр үкімі-ұқ/,
Кетер ме едік егер анам болмаса,
Жоқ пен бардың арасына жұтылып!
Көңілімізде болған соң ба нар талап,
Таңымыз да бейқұт қана ататын.
Анам түзден отын тасып, арқалап,
Күбі пісіп, диірмен тартып жататын.
Иінімді бір мұң өң мен түсімде
Жаныштайды зілмауыр бір салмақпен.
Ол жылдарды еске алмас та ем,
Ішінде
Анам менен балалығым қалды, әттең!





Пікір жазу