Туған күн
Не болғанын білсем етті, тегі Алла-ай,
Бүгін тіпті өз-өзіме келе алмай,
Тұтаса бір төніп келген бұлттарым
Жыр-жаңбырын төге алмай...
Өз-өзімнен жалғызсырап, құлазып,
Оталғандай ойларымның біразы...
Ештеңеге зауқым соқпай отырмын,
Иінімнен түсер ме екен мына жүк.
Жалғыздықтың тұтқынында тастамай,
Құтқарса етті... мына жұрттың астамы-ай!
Өзді-өзі боп, өзгелерді көзге ілмей,
Өркөкірек боп өгейсу тастады ой.
Менің тіпті бар-жоғымды ұмытқан
Тән мұздады мынау қарау қылықтан.
Мен сенделдім сылтау таппай сыныққа,
Теңселгенім... қаным көнбей ырыққа.
Мұң бөлісер ешкімім жоқ – долдандым,
Кімге сүйеу, кімге тұлға болғанмын?
Бір анадан жалғыз туып, жалтақ боп,
Жалғыз-жарым жүріп өтер жолда әлгі...
Жалғыздықтан жаныштайды жетемді ой,
Мына адамдар таныс емес, бөтен ғой!
Бүгін, бүгін...неғылған күн? О, тоба!
Бүгін менің туған күнім екен ғой!
Туған күнім... оған мән де бермеппін,
Бірін тездеп ашсам ба екен шөлмектің.
Алабұртып отырғаны көңілімнің...
Бірің келіп құттықтай сал, нең кетті?
Қолқысқалық етсе қайтем, әлдекім
Секілденіп, барын төгіп, бәлденіп,
Өткізбедім у-ду қылып, дулатып...
Туған күнім, сен кешіре сал мені.
Заңы қандай тіршіліктің мына сұм,
Ешкімге де керегің жоқ – туасың,
Өмір сүргің келмесе де сүресің,
Бітпейді ақ пен қараның еш күресі...
Тойғаныңа мәз боп тірлік көшінде
Салпақтаумен жүресің.
Дәм таусылып, үзіледі өмір-ән,
Бәрін жұтар қара жерің обыр, ал...
Туған күні жақсының да жаманның
Тасқа қашап жазылады соңыра...