19.05.2022
  132


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Түнгі жыр

Тағы да түн келеді...үгіп мені,
Сары уайым-уытын бүріккелі.
Жалғыздан жалғыз сүрер ғұмырымның
Жанымды қалтыратты суық демі.
Отырмын со күндерді ұмыта алмай,
Өзгенің өзің үшін мұңы қандай?
Ілмедің көзіңе де... сол бір кейпің
Көңілімде қалып қойды сірі қардай.
Сәл бұрын ертеңімнен үмітті едім...
Тағдырым бозаң нұрдай біліктегі.
Жалп етіп сөнетіндей сәл үрлесең,
Туладың екен, жүрек, біліп нені?
Көңілім – шаңытқан жұрт елі көшіп,
Жүрегім – бір суық тас, өлі бесік...
Дариға-ай, арманың не аз өмірде
Өзіңді сүйсе бір жан өліп-өшіп!
Сезімім сабаты сел болар халде,
Сен соны қабылдайсың жонарқаңмен!
Осы ғой ошағандай пісіп-толып,
Күндердің күнінде өшіп, солар пендең...
Сәл бұрын ертеңімнен үмітті едім,
Мейлі енді: ұмыт, ұмыт, ұмыт мені!..





Пікір жазу