19.05.2022
  121


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Этюд

Екпінінен тас үгіліп, жар құлап,
Жосылады жазықпен сел-арғымақ!
Бел-белесті бесігінде тербетті
Гүл-тіршілік көктем-қауызын жарды да!
Бұрқырайды жауқазын мен көк исі,
Сол иіске балқып, елтіп,ерисің...
Тәнтілігің қозады бір далаға,
Түтін, ыстан соншалықты жерисің.
Қайшыласқан қанаттардың сусылы,
Тыншымас түн баласына бұл күні...
Еркебұлан өзен жатар баурайда,
Бір бейкүнә сезім сынды бұлқынып!
Күмбірлейді кең дүние...
Неліктен,
Тоғай тынып, қоға-қасын керіп көл,
Кербездене қалыпты қыр...
Тау қазір
Қыздың ұшпа омырауындай деміккен!





Пікір жазу