Еліне соғыс емес, иман тілер...
Ерлігі елге – мұра, ұл-қызға – бақ,
Алашқа біткен арыс жұлдызқабақ,
Баукең туған киелі жерден түлеп,
Қияға қонды тағы бір мұзбалақ!
Жуалы қуат құйып тұр ма қанға!
Тұрады арайланып мұнда атар таң,
Шығады топты жарып, сында тарлан,
Туады құз-қияңда кіл қаһарман!
Қалмадық болып қана құл кісенге,
Елімнің асты жасы бір мүшелден.
«Бақтияр» Артаев та, Ертаев та,
Бағы үшін алты алаштың туды сенде!
Жүргенде баз біреулер «бала» санап,
Отанда орнаса деп тамаша бақ,
Ауғанда от пен оқтың кірді ішіне,
Дұшманнан бейбіт елді арашалап!
Аты ауған жерінде де жатты ұран боп,
Бізге де енді бетін бақ бұрар деп,
Мұсылман комбатты онда ауған жұрты
Құрметтеп, атап кетті «Бақтияр» деп!
Ол да ауған халқы ділін оңай ұғар
Басшы еді жаудан досты дөп айырар.
Өзінің онда атымен аталатын
«Бақтияр мешіті» мен «... тоғайы» бар!
Жастығы от ішінде шырқады әнін,
Ездіктің бұзған жоқ ол құр қамалын,
Өрлігін ұл-қызына үлгі етеді,
Ерлігін ұлықтайды жұрты ағаның!
Елінің берік болат қорғаны боп,
Өмірін, еңбегін де арнады көп.
Бақытжан Ертаевтай генералды
Түлеткен тау елінің арманы жоқ!
Жастығын Отаны үшін қиған түлек,
Болар деп құр уәдеден сый мәндірек,
Ауылынан мешіт соғып берді биыл,
Еліне соғыс емес, иман тілеп.
Жігіті Жуалының жұлдызқабақ,
Қияға біткен қыран бір мұзбалақ,
Ер Бәкең енді «Халық қаһарманы»
Атанып, төсіне отыр жұлдыз қадап!
Төзіммен күтетұғын таң машқарын,
Дұшманмен ұмытылар ма жандасқаны.
Алысқа самғайтұғын қыраны елдің,
Намысқа суарылған алдаспаны!