19.05.2022
189
Монолог
Мойындауға мәжбүрмін: мен – пендемін.
Қызыл-жасыл ғұмырым – ертеңге мұң.
Тынышымды алды (қайтейін) тиым салған
Оңымда да, солымда.... желкемде де үн!
«Мынау теріс, мынау – оң... оны істеме!»
Білдің бе енді, тарылды өріс неден.
Жүрегіме әмірім жүрер емес,
Біреулермен мұңымды бөліспек ем...
Менде тіпті болмады ұшар қанат,
Мен – қазығын айналып, тұсалған ат...
Мен кімдерге сырымды ашқандаймын?
Тіпті оларға қуаныш, құсам да жат.
Сондай, сондай. Сондай ғой! Сондай бұлар...
Тақылдаған шетінен... «таңдайлылар».
Қақпақылдап, қатардан озған болса,
Қайта үйірге қосуға қандай құмар!
Мойындауға мәжбүрмін, мойындауға...
Біреу – ғаріп, біреу – мәз тойынғанға,
Көшкен елдің жұртындай ойран-топыр...
Ортаңа да қимаймын ойымды арда,
Менің түсінігімнен тысқары әлем.