19.05.2022
  94


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Мұң

Ес біліп, жаптым етегім...
Өкінішім көп-ақ, жоқ емі.
Білмеймін байғұс әкемнің
Бейіті қайда екенін.
Білмеймін... (дұрыс ұғыңдар),
Осындай сұмдық мұңым бар!
Сүйегі қалды қай сайда,
Білетін соны кімің бар?
Бойымда қаным жатты ойнап,
Ақ жуып, арулап қойған
Қабірі қайда әкемнің?
Уақыт... қалың батты ойға.
Міншіл жұрт мұны сөз қылды.
Басымнан қанша ай оздырдым.
Көрсетуге көрін үлгермей,
Көкем де кеше көз жұмды.
Көз жұмды... дерттен жоқ емі,
Көкірегінде кетті өлеңі.
Қабіріне қайран әкемнің
Топырақ салғанның соңы еді.
Ынтызар болып көптен-көп
Басына бардым... тектен-тек.
Қайсысы? Құдайым білсін...
Қаптап-ақ кеткен көп төмпек.
Көп төмпек... Көңіл лайланса,
Не етерсің, сөнді сол май шам.
«Қарақұрым қорымның
Қайсысындасың, қайран шал?
Бала едім ол кез бар-жоғы...
Басыңды қарайта алмадым.
...Батады менің иініме,
Белгісіз бейіт, салмағың».
Дерегін білмей, о, тоба,
Кеткені-ай көзім боталап.
Құдай-ай, қабір қаншама
Белгісіз жатқан жотада.
Қоңырайып төбе, қыр қалды,
Айтты кеп сөзді жұрт әлгі...
Бейітін таппай, басына
Қоя алмай қайттым бір тал гүл.
Білмеймін (дұрыс ұғыңдар),
Осындай сұмдық мұңым бар.
Сүйегі қайда әкемнің,
Білетін соны кімің бар?





Пікір жазу