Сол бір бейне
Омырауы тепсініп, қыз-қыз қайнап денесі,
Сағыныштан құса боп, жастығына жас тамып...
Жатыр ару. Кино ғой! Елітем оған неге осы?
Тура қарай алмаймын көзіне оның жасқанып.
Кино болса қайтейін,
болмаса екен соңғы осы ән.
Ернін қызыл шие ғып, айна алдында ол боянды-ай!
Бөгде жанға қор болып кететінін ойласам,
Сол арудың...
түнімен келмейді ұйқым, ой, Алла-ай!
Көздің жауын алды өңі, шықты ол енді көшеге
(Жаны жадау тартқан соң, іздеді ме бір ермек)
Өзі білер бұл жұрттың, мен жайлы не десе де,
Мен соңынан ілестім көлеңкедей сүмеңдеп.
Сен... бәрібір көрмедің. Қан жылаған жүректі
Қызғаныштың талады қызыл иті дал-дұл ғып...
Фильм бітті – аяулы махаббатты жыр етті,
Айтар ойым көп еді, айта да алмай қалдым түк...
...Өмірден бұл баз кешіп, ойдан, мұңнан жерініп,
Теледидар алдында елегізіп отырам...
Мәңгілікке жоғалған бір жалт етіп көрініп,
Мен сүйген қыз бейнесін көрсетпейді экран!