19.05.2022
116
Күндер, күндер...
Күлкімді күндер күмірә қылды,
Жанымда қалды бір аңыз...
Өнбойыңды шарлап қыдырар ұлды
Ұмытқаның ба, құла дүз.
Түсті еске бағзы ұмытқан сарын,
Бұйықты таңғы шықта әнің.
Орныңнан мені тұрып қарсы алып,
Алдымнан неге шықпадың?
Келемін туған шаңырақты аңсап,
Таңдайымда еріп өлеңі...
Жанарымда жұлдыз жамырап самсап,
Жолыма нұрын төгеді.
Себездеп төгер соната-өлеңін,
Бұйығуменен сай-қыры.
Жалаңаш тәнін Қаратөбенің
Аймалап құшып ай нұры.
Берілемін де сезімге демде,
Босаңсып көңіл құрымағыр,
Бала боп кетем өзіңде мен де
Кезімде келген жылда бір.
Жатса да өмірім қалада өтіп,
Көңілім жүдеп қырда жүр...