Ақын тағдыры
Өтті ақын... өмірін өзіне абақты қып,
Бұйырмай ен байлықтан сабақты жіп.
Баспана-үй, ұлтарақтай жер де бермей,
Итіне оны талай талатты ұлық!
Өгей күй өз елінде кешкен, Алла-ай,
Фәниден бақиға ақын көшкен Ардай,
Еліне бойындағы барын беріп,
Ал өзі ештеңе алмай... есте қалмай!
Тағдыры – тағдыры ғой бар ақынның,
Қайтерсің, ақын солай жаратылды!
Өзгенің (өзінің емес) мұңын айтып,
Қапылды қақ жармаққа қара қылды.
Жарық қып жан сәулесі қара түнді,
Өмірі қара иірімдей дара тұнды.
Пенделіктен, былыққа батудан сол...
Сан мәрте қорғап қалды ары Ақынды!
Көп еді, көңіліне түйсе «кегі»,
Оның да мұңы болды үй, себебі...
Су сепкен қанатымен қарлығаштай
Еліме шарапатым тисе деді.
Арда ақын, қайран ақын барға-мақұл
Күн кешті өткізе алмай жанға датын,
Өмірін өксітсе де өгейсітіп,
Отанын сүюден еш танбады ақын!
Мұңы да, мұқтажы да көп ұлысын
Ұлықтап, өлең етіп өру үшін...
Өмірге келеді ақын алуға емес,
Бойында не бар, соны беру үшін!
Ұғады «парызым» деп мұны тағы,
Ұлықтың білмесе де бірі халін.
Қоғамның суық, сұсты қабағын ол
Өлеңнің отын жағып жылытады.
Жаңғыртқан жер сарайын нар бітімді ұл.
Басы –той ғұмырының, арты –күңкіл...
Сен жүрген жолмен жүріп, өзіңе ұқсап,
Жүр шайқап-төгіп сенің сарқытыңды...
Қараспай қабарумен тұр қоғамы...
Оған сеп – шабытының бұрқағаны.
Ибалы, иманы да күшті ақынның
Ұшынан қаламының нұр тамады!