19.05.2022
  124


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Тебірент, тербет...

Жыр жазу қиындап барады,
Оқырман талабы өскендіктен бе
Шаршатты әбден шиырлап сананы,
Көне елес, көшкен түстер де...
Не керек, түкке тұрмайды,
Кешегім қасында бүгіннің.
Саздары біткен сырнайдың,
Жасыдым-жасынға жүгіндім.
Тебірент, тербет көңілді,
Кеткен жыр Һаям ұғынбай...
Кешегі ән-ержеткен ұлдың
Ескірген жаялығындай!
Таң сайын тылсымға ұрынам,
Тылсымның жұмбағы да мен!
Пәк күйде кірсін жырыма,
Орансын құндағыма әлем.
Жыр жазу қиындап барады...
Жұмбақ боп қалмауым үшін де
Сендерге сырымды ақтарамын,
Мейлің түсін, мейлің түсінбе!





Пікір жазу