19.05.2022
180

Қордайдың қоңыр құлжасы
Қайыспай қарсы тұрып небір сызға
Білінбей өтіп жатқан өмір құзда...
Бағумен дүниенің дем-тынысын,
Қордайда қасқайып тұр қоңыр құлжа...
Бір сел бар көкірегінде жойқын аққан,
Екпіні жар құлатқан, толқын атқан.
Дүние тітірейді бұрқ-сарқ қайнап
Жататын ондағы, ойхой, зор қуаттан!
Бір жарқыл ауысты ма анау шыңнан,
Өзің де таң қаласың қарайсың да...
Құдай-ау, құйттай ғана жүрегіне
Соншама жойқын қуат қалай сыйған!
Ал оның қызыл-жасыл нұрлар арқау
Үнінен тулар теңіз, тұлданар тау.
Сан мәрте іштей бұрқап-басылады,
Байқалмай жанымызда жүр жанартау!
Бойында күйі тулап ғаламаттың,
Бетке алып көкорайлы дала жақты
Шырағдан жанып шаңырақ-мүйізінде
Ағысқа Ол қарсы ұмтылып бара жатты!