Балалықпен бетпе-бет
Көкірегімде балалық-құлын кісінеп,
Баймаханбеттің “Байтан” ғой бұрынғысы деп,
Тұрады бордай үгіліп Баймаханбеттің
Балалық шаққа бүйрегі бұрылғысы кеп!
Өмір өзгертті, ол атты олқысынған кім,
Қарсы алып тұрып өзімді жол тұсында әлгі
“Қарасақал боп қалған ба...” деп ауылдастарым,
Іздейді сарыбаланы болмысымнан кіл.
Жел қағып жүзін, көзіне шағылып үр күн,
Сағызын теріп шарлайтын шағылын құмның.
(Неге осы жиі есіме сала бердіңдер)
Өзім де оны өлердей сағынып жүрмін!
Кісінеп, шауып кеудемнен өткен құлын –үн,
Бала кез – көркем, көкорай көктем күні кіл.
Отырам жинап, қайтадан бүтіндей алмай,
Быт-шыт боп сынып, шашылып кеткен сынығын!
Анаммен бірге қалды ол мұң кешіп төбеде,
Жылдарым болып жатқызған бесіккен бөлеп.
...Шіркін-ай, мына дүние тал бесік тұстан
Бұлықсып шығар үнімді есітсе ...кенет!