Менің Кененім
Менің бір құдіреттім бар «Кенен» деген,
Қауышты ол он бірінде өлеңменен.
Шашубай, Сарбас, Балуан Шолақтардан
Үлгі алып, қойды жастай өнерге ден.
Өзі де өлең – рухты, күй – қанатты
Өр еді, жанында илхам «иман» атты.
Бірі де тең келмес Көкшолағына
Жар салып Жетісудан жиған аттың!
Әйтеуір Кенен - жырға толды кеудем,
Кеткен жоқ тұтас ауып ол біреуге.
Сол күйі тұр ғой Кенен кеңістігі
Қордайда жер, аспан боп мөлдіреумен!
Бейне бір жер-жиһанды жайпар нөсер,
Ұрпағы ән-жырларын айтар ма әсем...
Өзің біл, менің Кенен аспанымның
Төсіне тұмар тағып қайтам десең!
Жете алмай дүниенің шетіне де,
Шерлі өлең шешек тиіп шетінеген...
Ексең де, Алатауға (құдірет-ай)
Рас қой тумайтыны екі Кенен!
Үніне ұшқан құстың дауысын қосқан,
Жырына найзағайдан жарқыл қашқан,
Емізіп, омырауын тау-шыңға ашқан,
Баяғы қыран-қия барсың ба, аспан?!
Көз жасын бұлттың құйып көк көлдерге,
Тұрмысың ән ұзатып көктемдерге.
Арда аспан, аруана аспан арзу айтып,
Уыстап жұлдыздарды төккен жерге!..
Жалғап тұр аққу ән мен әфсана үн бұл
Арасын мәңгілік пен қас-қағымның.
Жап-жасыл жусан рухты жұлдыз күліп,
Төсінде менің Кенен-аспанымның!
...Көргелі сені тағы келдім, Қордай!