19.05.2022
  119


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Ұлыс жыры

Қар еріп кетті,тұрмай күнесте
Тырна көз бұлақ тулайды төсте.
Құс ұшып –қонған көкиірім көлдің
Көлбақалары шулайды кешке.
Жыл келер шақта дүрбелең туып,
Гүлдейді сезім, қырға өлең тұнып.
“Көш, көш, қайрақан, көш” деп аластап,
Ібіліс біткенді іргеден қуып,
Кетік аяқ, кетік шөміш сындырып,
Қарсы алар таңды ел жұп шырақ жағып!
Қойнын жазға ашып, құтсырап жазық,
Әуеде үлбіреп үт тұрар нәзік...
Түнде ауыл кірпігін ұйқы күрмеген,
Астасып сезім күйті түнменен,
Бойжеткендердің бұзылар көңілі
“Дір еткізерлік” сый күтуменен!
Тоғысар Үркер, күн, түн теңеліп,
Толысар дүние шым-шым көк өніп.
Қауышар қыр мен ойдағы ел түгел.
Төлге де толар мүмкін көгені!
Ел көрер қызық, ғаламат-алда,
Бірдей боп бұл күн қара да, хан да,
Көп тілегіне көк Тәңірі де иіп,
Не тілесе, соны салады алақанға!
Қалғандай қарлы қыс та қапыда,
Шыққан күн шығыс тұстан асыға


Армысың, Наурыз! Бата алып көптен,
Ілесіп жеткен құс қанатына!





Пікір жазу