19.05.2022
123
Абай. Алаң. Адамдар.
Қилы заман, дәуір кешіп нешеме
Сен бүгінге жеткен жырсың кешеден.
Оқыс ойдың жарқылындай осы өлең
Туды сенің атыңдағы көшеде!
Туды осында қуанышты сан ойлар,
Саңқ-саңқ етіп жыр оқып жас Абайлар!
Жүрегіңді жиі лүпіл қақтырар,
Абай,сенің көшеңде бір арай бар!
Көшең көктей өтер алаң үстімен,
Рухыңмен үндеседі ішкі дем.
Келер мұнда Әйгерімдер,Тоғжандар
Түнді тербер сайрайтұғын құс кілең!
Беттеседі мұнда ел Ұлы Жырменен,
Тазартады көңілдерін кірлеген.
Мұнда талай жас армандар бүрлеген,
Ойың түгіл түсіңе де кірмеген!
Шашылады түнде мұнда көкке оттар,
Үлп-үлп еткен сезім бейне аппақ қар.
Абай, сенің даңғылыңа тұс-тұстан
Қосылғалы келеді сан соқпақтар!