Бәйге аттары
Мәреде, міне, бәйге аттары тұр,
Күтумен атой белгіні.
Байланар ма екен әй, бақтары құр...
Шабатын кез ғой енді бұл!
Көбісі мұның екен тай-құлын,
Дәмелі сыйдан алдағы.
Келіп тұр Рысқұл көкем бәйгіні,
Байталмен шауып алғалы.
Төре жүр сыйы болмай қауымға,
Құнан деп қосып көк тайын.
Құлын аты тайдың қалмайды ауылда,
Жанса да көзі шоқтайын.
Тай-құлын қалар жолда шаң қауып,
Кім берер оған жел жақты.
Өзің әйгілі болмасаң... анық
Таныта алмасың елге атты.
Жүлдеге мына тиесі қара әр,
Бұйырмай нағыз дүлдүлге,
Бие емес, оның иесі алар
Бәйгені, білсең, бүгінде.
Қарайып кеткен қатыбастанғаннан
Жылытпас қоғам түсін де.
Қазіргі қаскөй Батыраштан жаман,
Жүреді олар ішіңде.
Кәрібоз тарлан бәйге алдын бермес,
Тай алсын бірін дейтін кім?
Ат қосқандар-ау, қайда ардың дербес
Әлемі - шыңы сертіңнің?
Оралар ойға қат-қабат елес...
Бәйгенің кетті-ау киесі.
Алтын жамбыға шапқан ат емес,
Әукесін созар иесі...
Жұғысты болғай бізге киесі,
Шаппайды жүйрік жүлде үшін...
Жатқанда мәз боп жүлдеге иесі,
Жайлайды аз-кем мұң да ішін.
Бақ емес, тіпті бап та, қан да емес,
Иесі шауып аты үшін,
Ел менен жұртта, хақта қалмады ес,
Зор жеді сорлы хақысын.
Батагөй қарттар бәйгеге, тіпті
Жуытпас атын ауылдың.
Ауылда өскен, әрнеге күпті
Жүйріктің жолы жабылды!
Иесі емес, киесі мықты
Бәрібір тай-құлынның.
Басатын сесін мың есіріктің
Такаппар, тарпаң буын бұл!
Пысқырмас бұлар әй, тегі оныңа..
Жіберіп алып текке есе.
Топыраш торы бәйге жолына
Бүйірден еніп кетпесе.
Жүрміз шын жүйрікті әлі де білмей,
Өтеді-ау бірі-бірінен.
Құдай-ау, оның бәріне бірдей
Жетер ме жүлдең тіріде...
Мәреде, міне, бәйге аттары тұр!