Бір ақын бар
Олай деуге жетпей ме батылдары,
Білмейді екен жат түгіл, жақындары.
Бұйырғынды өлкеде бұйығылау
Баймағанбет есімді ақын барын!
Сырын ару желекті қайыңға ашқан,
Бір ақын бар бұл тұста, бауырластар!
Өзі туған киелі топырақтың
Бір шөкімін бермейтін айырбасқа!
Жүйрігіңе қолтығын жаздырмайтын,
Шабыс тілеп жүретін баз бір жойқын.
Көкірегінде көктемдер оянатын,
Жанарымен жәрмеңке-жазды ұрлайтын.
Бұйырғынды өлкеде бір ақын бар,
Жүрегі иіп жақсы әнге тұратындар.
Жалғыздықтан жериді ол,
Жырын тыңдап,
Жырын тыңдап тым құрыса жұбатыңдар!
Бағы ашылмай, тағдыры бір сорға айдап!
Жүрген шығар,
Жақсы ақын болсам дейді-ақ!
Жүрегі бір жарыла қуанар еді,
Жыры, жыры тыңдауға тұрса ол бейбақ.
Оған ыстық құмның да туа демі,
Көз ашпаған ол да бір бұлақ еді.
Баймағанбет ақын боп бұйығады,
Бұйырғынды өлкенің бұла әуені!