19.05.2022
  123


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Таң

Ну шалғыны шықтан алқа тағынып,
Шоқылары алтын зерге малынып,
Табиғаттың қалды еңсесі биіктеп,
Уа, армысың, таңның аппақ жарығы!
Өзендердің өзегіне әл кіріп,
Тарап кетті әуеге сел-жаңғырық.
Бой көтерді бозымықтау жиектен –
Көк пен жердің көбесінен таң күліп!
Сол күлкіден көңілдерге күй еніп,
Жел-домбыра жеңіл оңдап тиегін,
Мәуіті көктің манаурайды бұлттары
Таңның алтын кірпігіне сүйеніп!
Көк жұлдызы мызғып кетті көз іліп,
Өзі өшіріп сәуле-шоғын өзінің.
Күншығыстан күлімдеді таң, міне!
Қоңырауын қақты таңда сезімім!
Толқы, дария!
Қозғалшы, тау!
Жер, теңсел!
Сусындасын жаңа нәрмен өртең, шөл...
Алтын таңым! Төкші жарық-сәулеңді!
Өртенейін мен шоғыңа... өртенсем!





Пікір жазу