19.05.2022
  159


Автор: Баймаханбет АХМЕТ

Ойда жүрсін Отаның...

Бір-ақ тілек: күрсінбесе жас-кәрі...
Ашық болып тұрсын десең аспаның,
Ғашық болып жүрсін десең жастарың,
Отаныңнан биік қойма бас қамын!
Отан деген- байтақ дала, мекенің,
Сол жерге ие мұң-мұқтажы көп елің.
Әр ісіңнен танылуы тиіс қой
Отанды сол сүйетін ұл екенің!
Ең алдымен Отан тұрсын ойыңда,
Күшті болса ол, сен күштісің –мойында!
Отан барда отбасың бар, өзің бар,
Отаншылдық сезім тулар бойыңда!
Жанамын деп одан ұшқын-от алдың
Ерен күшпен тауды, тасты қопардың.
Қарын қамы сені алысқа апармас,
Дарындарын сыйламасаң Отанның.
Бабалардан алар үлгі көп болар,
Аяулы ардан күнде айналып өтті олар.
Байлықты да, барлықты да тәрк етіп,
Отан үшін аянбай қан төкті олар.
Уақыт бар, не істеріңді екше, көр:
Көп өтпей-ақ көкірегіңдегі от сөнер,
Өзің ғана аяғыңнан нық тұрып,
Ал Отаның шайқалақтап кетсе егер.
Отан ақ пен қарасы ғой көзіңнің,
Саясында келсе егер көз ілгің
Оны күшті, әлеуетті ет алдымен,
Ал сонан соң не істесең де өзің біл!!





Пікір жазу