Тәуелсіздік – тәубамда
Тәуелсіздігін теліп ұранға,
Ұлы Тұранда
Түмен жұрт тас боп түйіліп еді,
Я,Алла!..
Жерінен уыс топырақ ап тағып тұмарлап,
Ант суын ішіп кебенек ішінде өлуге
Ата жауымен айқаста қанын қиярға!
Әлмисақтан-ақ әлімжеттікке бір көнбей,
Қызыл да қаны судай боп ақты рухы өлмей,
Серт еткен де еді семсерін қынға салмасқа,
Тәуелсіздіктің елесін болсын бір көрмей!
Әлдилеп әнін,үкілеп өткен үмітін,
Қайран ел мына оянған көкте Үркердей.
Құдірет-ай деші,сияр ма тіпті қиялға
Қандағы кие,қанат па біткен қыранға
Әлі де сол рух атойлар ата-ұямда!
Қазағым-ай тек жауына арнап жонды оғын...
Қисайған көші түзеліп істің келді оңы!
Торсық шеке ұл-Тәуелсіздігі туды ақыры,
Толғағы ащы болды оның!
Арманды ата-бабамның әруағы желеп-жебеді,
Құмары еді бір кезде,
Тұмары етті оны елім!
Көк туымды оның кіндігі тұсынан көтеріп,
Омырауына тағып Ел-таңба,
Әнұраныма бөледім.
Тас түлек еді ол,
Тиіс қой еркін самғауға,
Ертеңге менің үмітімді үкілеп жалғауға,
Ертегідей елес,жаралған ата-арманнан
Тәуелсіздігім-тәубамда!