Аралбай батырдың соңғы сөзі
– Өзектіге қашан да бар бір өлім.
Ақтық демім таусылады білемін.
Ер боп тудым, ерлерше өлсем өкінбен,
Өмір бойы ел деп соқты жүрегім!
Жаумен соғыс бастап едік Қорғастан.
Оған куə ерлер елді қорғасқан.
Қалмақ біткен қалтырайтын ес таппай,
Қолымдағы жарқылдаса Алдаспан.
Дана Төле тапсырғанда ер ісін,
Мадақталды талай-талай жеңісім.
Айлап арып жолын іздеп достықтың
Петерборда жасап қайтқан келісім.
Соның бəрі туған халқым, сен үшін!
Əз анамнан туғаннан, соң батыр боп,
Қара басты күйттеуге еш қақым жоқ.
Бір шерік те аттамасын мұнда енді,
Аруағым да жатсын одан басым боп!
Ерлігімді келер ұрпақ қайталар
Жауды жоймай қалай жаның жай табар?!
Сатай, Төлек аман жетсең Арқасқа
Туған жерге сəлемімді айта бар!...»
Осыны айтып, демі үзілді батырдың.
Жүректерді тебірентті ақырғы үн.
Ертесіне қалың сарбаз денесін
Қимай-қимай жер қойнына жасырды.
Тағзым етті Аралбайдай асылға
Белгі қалды бейітінің басында.
Қалың сарбаз қайта жауға аттанды
Болмайды енді кідіруге, жасуға.
Сары-Манжы басың қалды бір сайда,
Өзің де өштің, өшті қалмақ атың да.
Ел деп өткен Аралбайдың есімі
Жасай Берер Ғасырлардан Ғасырға!...