19.05.2022
  111


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Тәшкендегі кеңес

Тізесі елге қалмақтың батып тұр-ау!
Ел еңсесі езілген уақыт мынау.
Түркістан мен Тараздан қуылып ед
Келес пенен Сайрамды басыпты жау.
Салды-ау, талай шапқынды бір бұл емес
Тоқтайтұғын түрі жоқ қырғын егес.
Төле би, Қангелді мен Қодар би бар
Тəшкенде жиып бəрін құрды кеңес.
Көз жетпес шетіне де, шегіне де
Тапталмақ бұл қазақтың жері неге?
Жиналған бар жақсыға сөзін арнап
Төле би сөйлеп кетті тебірене:
– Уа, жұртым, сөзге құлақ түр!
Тажалдай төнген жоңғардан
Ел басында сынақ тұр
Жолбарыс ханды өлтірді
Оған да көңіл жылап тұр
Құлақ түр сөзге,құлақ түр.
Жақтасың емес Қоқан да
Егессең ол да осал ма?
Асырып ол да айласын
Салсам бір дейді отарға.
Құлақ түр сөзге, құлақ түр!
Алтауың ала болыспа
Қол созайық орысқа
Одақтассақ орыспен
Жоңғар шықпас жорыққа.
Ағайын болсақ алыппен
Жау сала алмас қорлыққа.
Патшаға жазған хат барсын
Елдікті сонда сақтарсың
Сөзімді құп алсаңдар
Елшілер дереу аттансын!
Білсе дағы Төле би ісін жетік
Келісті ұзақ бір-бірі пікірлесіп.
Ақыры келді бəрі мəмілеге
«Ресеймен жасайық бітім» десіп.
Бəрі дағы достықты дұрыс көрді
Алыс жолға адамдар іріктелді.
Ресйге барар топ арасындв
Аралбай мен бар еді Ырыскелді.





Пікір жазу