19.05.2022
  139


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Мұң шағу

Жетесіздер арын сатқан заман бұл,
Опасыздар жарын сатқан заман бұл.
Доллар десе абыройды ұмытып,
Жезөкшелер тəнін сатқан заман бұл.
Барша қазақ малын сатқан заман бұл,
Бəрін сатқан, барын сатқан заман бұл.
Қасиеті қалмады ма адамның?!
Осыны ойлап дерті ұлғайды жарамның.
Мұң-зарыңа бір назарын салар кім?
Айналып кеп бір өзіңе шағам мұң.
Алатауым, сүйеніші даламның.
Алдиярым, бұл сұмдықтың бəрі де,
Тіршілігі Алматы ару қалаңның.
Басқа амалым қалмаған соң түңіліп,
Еңіреймін етегіңе жығылып,
О, Алатау, іште қайғым тұр ұлып,
Оны бірақ жатыр дейсің кім ұғып.
Бір күн сені сатудан да тайынбас,
Жетесіздер дүниеге құнығып.
Осыны ойлап Алатауым, айбарым,
Еңіреймін етегіңе жығылып,
Мұң-зарыма құлақ асар кім ұғып!..





Пікір жазу