19.05.2022
126
Бір әкімге
Зіркілдеу бір өнер ме,
Көпшілікке кінə артып.
Əкім, əкім дегенге
Кете берме тым артық!
Ұлық болсаң егер сен
Тепсінбе де ісінбе.
Таразылар ел ертең
Салмақ болса ісіңде.
Атағына мастанған
Бар лауазым, ал бірақ
Түскен жоқсың аспаннан
Екі аяғың салбырап.
Ауыр зіл бар сөзіңде
Бұйырасың нықтап сен
Бір кездері өзің де
Осы ортадан шықпап па ең?
Ақтала ма сенімдер
Үміт артқан біздерге?
Пəс болмай ма көңілдер
Сол үмітін үзгенде?
Ол үміттер үзілсе
Шіренбегін əкім боп.
Ол үміттер үзілсе
Жер басуға қақың жоқ!
Көріне біл өріңнен
Кезің осы сыналар.
Аса алмасаң өзіңнен
Ісіңді кім құп алар.
Жұртың үшін күйіп кет
Қажет десе егер сен.
Ел еңсесін биіктет
Биік болар өз еңсең.
Ауыр зіл бар сөзіңде
Бұйырасың нықтап сен.
Бір кездері өзің де
Осы ортадан шықпап па ең?...