Ит атқыштар
1
Сырттан, Сырттан деуші едік көк төбетті
Бəлкім біреу зекіп қап өкпелетті.
Көше жортып бір күні үйден ұзап
Сайтан түртіп аулаққа текке кетті.
Қылығына қызығар қараса кім
Жүгіретін допқа да таласа бір.
Зілсіз ғана ырылдап үріп қояр
Тіл қатқаны ол бізге балаша бір.
Күшігінен асырап алып едім
Көз алдымда қылығы бəрі менің.
Аулаққа ылыққан иттерге еріп
Үйден ұзап несіне барып едің?.
Неге, неге иттерге ере қалды
Ажал айдап сол жаққа неге барды.?
Кенет дайын қолында мылтықтары
Ит атқыштар сау етіп келе қалды.
Тас жүректер аяп бір қарасын ба?
Ата берді иттерді нанасың ба?
Байғұстар-ай ажалдың оғы жауған
Сырттаным да бар еді арасында.
Кенет бірі көздеді Сырттан жаққа
Тарс-тарс етті. Кім барар құтқармаққа?.
Артқы аяғын атқан оқ зақымдады
Ақсаңдаған күйінде ол зытты аулаққа.
Безбүйректер аясын кімді бірақ?
Құны бардай Сырттанды қуды жырақ.
Атып-атып өлтірді əудем жерде
Менің бала жүрегім тұрды жылап...
Ит атқышқа қайнады іште кегім
Жауыздықты адамнан күтпеп едім
Иттерді артып көлікке кете барды
Мақтан етіп бір жақсы іс істегенін.
Өтті жылдар одан соң асыға ағып
Ауламызда талай ит асырадық.
Ұмыта алмай сонау бір көріністі
Сырттанымды мен жүрдім есіме алып.