19.05.2022
  126


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Қоштасу балы

Көк желек-Көктем , бозбала дəурен,
Айналып кеткен елеске.
Жадымда қалдың сен ғана сəулем,
Аламын жиі мен еске..
Зымырап күндер, зымырап айлар
Ұласып жылдар жылдарға.
Сан түрлі арман, сан түрлі жолдар
Жетелеп кетті бізді алға.
Аңсатты, бүгін тым алыс қалып,
Өтіпті-ау он жыл он күндей.
Балдəурен бізді шығарып салып
Қойыпты-ау қалып сездірмей.
Жүруші ек жастық жыры тынбастай
Қалмапты бүгін белгі де еш.
Тек қалғаны есте ұмытылмастай
Қоштасу балы соңғы кеш.
Құралай қыздар жүздері шатты
Құлпырған ерек сол кеште.
Ыстық та қимас сонау бір шақты
Қалармыз сақтап мəңгі есте.
Албырт сезімнің қызуы бойда
Тынар ма көңіл желікпей
Əппақ иықта бұрымың ойнап,
Сен жүрдің бейне еліктей.
Қиялдың құсы шарықтап бақты
Көңілдер жайнап, гүл ашып.
Шатты əуен көкке қалықтап жатты
Ырғақты биге ұласып.
Музыка бір сəт бұзып екпінін,
Баяу бір сазға ауысты.
Көбіміз сонда дірілдеп буын
Биледік алғаш вальсті.
Өзіңмен сол түн биледім тынбай
Көңілдің бағы құлпырып.
Қос жүрек тұрды кеудеге сыймай
Біріне бірі ұмтылып.
Бойжеткен едің керіліп басқан
Он сегіздегі шекер қыз.
Шалқыған қызба бөлініп топтан
Оңаша шықтық екеуміз.
Жұлдыздар көкте ұнады керім
Жібек жел ескен жайлы тым .
Есімнен шықпай жүр əлі менің
Сонау бір сонау айлы түн.
Көгілдір нұрға малынып тұрған
Қыдырдық бақта біз ұзақ.
Ай сəулесі ойнап, көз тартқан сырғаң,
Таққандай жұлдызды үзіп ап.
Келдік біз жайлап, үйіңе таяу
Түбіне алып теректің.
Құшаққа тарттым өзіңді баяу
Бойда бір жалын өрекпіп.
Құштарлық билеп, барады-ай жеңіп,
Бір сезім бойда алысты.
Қарсылығыңа қарамай сенің
Ерніңе ернім жабысты.
Сүйгіштей бердім сезімге мас боп
Ойларға кетіп бір күнə.
Осы сəт сенің көзіңе жас кеп
«Жіберші!» дедің бұлқына.
Адуын мінез танытып кенет
Жүгіре бастың аулаңа.
Жаным-ау, сені тоқтатам не деп
Аң-таң боп тұрдым таңдана
Болды деп бəрі, бітті деп бар іс
Сарт етті сенің есігің.
Мен тұрмын ес жоқ, есте тек вальс
Тілімде сенің есімің...
Жан бар ма мына халді ұғынатын?
Сең соққан күйде тұрдым мен
Он сегіздегі сан құбылатын
Мінезін қыздың кім білген...
Жан əлеміңнің жабылған маған,
Есігін қайта ашпадың.
Сырғыды жылдар, жаным, бар ма амал?
Жары боп кеттің басқаның.
Зымырап күндер, зымырап айлар
Ұласып жылдар жылдарға.
Сан түрлі арман, сан түрлі жолдар
Жетелеп кетті бізді алға.
Жүруші ек жастық жыры тынбастай
Қалмапты-ау бүгін белгі де еш
Тек қалғаны есте ұмытылмастай
Қоштасу балы соңғы кеш...





Пікір жазу