19.05.2022
  106


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Əттеңі көп қойсаңшы бұл жалғанды...

Əттеңі көп қойсаңшы бұл жалғанды,
Қас-қағым сəт талқан етер арманды.
Бірде құрбы қыздарымен Меңсұлу,
Мерекеде Орталыққа барған-ды.
Айналаны шуағына бөлеп күн,
Сəндегендей салтанатқа безеп шын.
Гүл көңілдер гүл əлеммен үндесіп,
Пəк-пəк күлген жастық, саған не жетсін!
Жайнап солай көңілдердің көктемі,
Топ қыз жолдың ар жағына беттеді.
Кенет жеңіл автокөлік ызғытқан,
Меңсұлуды қағып өтті шеттегі.
Меңсұлуды қағып өтті ой Алла-ай!
Жылдамдыққа ешкім тежеу қоя алмай.
Жалп етті қыз мерген атқан еліктей,
Ақ көйлегі қызыл қанға боялды-ай!
Жатты ол ессіз. Ал қыздар жүр аһ ұрған,
Жедел жəрдем келе қалды шақырған.
Қызды қаққан жүргізуші өкірді,
Шашын жұлып адасқандай ақылдан.
Əпсəтте ғой пəле шалса пендені,
Айдан аса қыз өзіне келмеді.
Кірпік қағып қайта жаны кіргенде,
Жарас болды көзін ашып көргені.
Жарақаты жатса дағы тым батып,
Жарық күнге қайта оралу мың бақыт.
Əлсіз ғана еріндері қимылдап,
Жарас,-деді ол, Жарас,-деді ол тіл қатып.
Жарас тіпті атып тұрды қуанып,
Аң-таң күйде «өңім бе деп бұл анық»
Меңсұлу деп айта берді қайталап,
Кірпіктері мөлдір шыққа шыланып...
...Емделумен талай айлар өтті ағып,
Меңсұлудың ауыр халі кетті анық.
Əр күн сайын бірге болған Жарастан,
Сұраған да жоқ Əуесті еске алып.
О, оқушым, Əуесті айтпа жырымды ұқ,
Жырақ кеткен біз де одан түңілдік.
Ары таза жүрегіне дақ түспей,
Ең бастысы аман қалды сұлулық.
Он сегізде қыз жүрегі сенгіш қой,
Адалдықтың ұстайықшы туын нық!
Айтар болсам Меңсұлудай жұлдызды,
Қарт дəрігер оны аяқтан тұрғызды.
Отау тікті сүйіктісі Жараспен,
Тəрбиелеп отыр бір ұл, бір қызды.
Ұмыт болып тəннің сол бір азабы,
Отауының оты маздап жанады.
Анда-санда құрбылары бас қосып,
Баяғыша мəз-мейрам боп қалады.
Бүгінгінің Төлеген мен Жібегі,
Кейде біздің арамызда жүреді.
Ауыл жұрты тастамайтын аузынан,
Жазылмаған дастан еді бұл өзі.





Пікір жазу