19.05.2022
  160


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Меңсұлу

Бүгінгінің Төлеген мен Жібегі,
Кейде біздің арамызда жүреді.
Ауыл жұрты тастамайтын аузынан,
Жазылмаған дастан еді бұл өзі.
Болса егер аққуымен көл сұлу,
Болса егер орманымен жер сұлу.
Көрінгенде күндей күліп жарқ етіп,
Осы ауылдың сəні еді Меңсұлу.
Тал бойында бəрі тапқан жарасым,
Меңсұлу деп тауып қойған дəл атын.
Иегінің сəл жоғарғы жағында,
Қара ноқат, қара меңі болатын.
Қанша көрсе шыға алмайтын құмардан,
Меңсұлумен тілдесу де бір арман.
Қолаң шашы белуарға түсетін,
Əсем мүсін талшыбықтай бұралған.
Елден ерек жаралғандай шын асыл,
Ақ жүзінен шуақ күліп тұратын.
«Сұлулардың ең сұлуы Меңсұлу»
Деп көп жігіт іштей ғана тынатын.
Байсал мінез сөйлемейтін желпіне,
Ақылына сай болатын көркі де,
Талай жігіт жолай алмай маңына,
Шалдығатын ғашықтықтың өртіне.
Көрген жанның өртенетін өзегі,
Толықсыған қас сұлудың өзі еді.
Құрбылармен ойнап-күліп алаңсыз.
Он сегізге қадам басқан кезі еді.
О, он сегіз! Көңіл тұнық шарайна,
Он сегіздің көкжиегі арайлы-ə!
Бұла сезім алып ұшқан өрекпіп,
Абайласаң он сегізде абайла!
Алауласаң он сегізде алаула!
Қайран жастық еркін ойнап күлетін,
Қадіріңді өткеннен соң білетін.
Меңсұлу бар, қыз-жігіті аралас,
Өздерінше бір топ болып жүретін.
Кейде өзді-өзі жоқ нəрсеге таласып,
Шуласса да тұрушы еді жарасып.
Оңашада даурыққанмен бірақ-та,
Ар-əдептен кетпейтұғын əрі асып.
Дəл бір үйдің балалары секілді,
Жаңсақ басса бірін-бірі кешірді.
Осы топтың көркі болып жүретін,
Бар екі дос Жарас, Əуес есімді.
Бірге жүріп қатар өскен бозбала,
Екеуіне тоқталайын сəл ғана.
«Бұлар қандай ажырамас достар»,-деп,
Былайғы жұрт қызығатын таңдана.
Мығым дене, бет-келбеті əдемі,
Жарас та бір жаны жайсаң жан еді.
Əр ісінен байқалатын бір ізет,
Өзіне тəн ұяңдығы бар еді.
Адамдықты деп санайтын борышым,
Кімге болса беруге əзір қол ұшын.
Қулық, сұмдық, арамдықтан ада еді,
Опасыздық өліммен тең ол үшін.
Əуесті де көп жұрт жақсы білетін,
Амандасса сəл жымиып күлетін.
Қарсыласса жібермес өз үлесін,
Спортпен де айналысып жүретін.
Бойжеткендер көз қадайтын соңына,
Көрікті еді ол бағы ма əлде соры ма?
Бұлар жайлы доғарайын, оқушым,
Сəл шыдасаң түсінесің оны да...
Сезімді асау күш бола ма іркуге,
Сөзің бар ма жастық деген шіркінге?!
Меңсұлуды екеуі де сүйетін,
Меңсұлуға ғашық болмау мүмкін бе?
Жастық сезім арнасына сыймайтын,
Екеуін тек бір ақ жай бар қинайтын.
Бір- бірі үшін бəріне əзір, тек қана,
Бір-біріне Меңсұлуды қимайтын.
Ал Меңсұлу екеуін де сыйлайтын.
Тумысынан тез қабылдар шешімді,
Əуес өзі жігіт еді өтімді.
Бұрын барып батылдана тіл қатып,
Меңсұлудың ақ жүрегін өтінді.
Күтпеген бір сын болды бұл қыз үшін,
Құрбылармен көп сырласты күні-түн.
«Алдамай ма ұшқын атқан көздері,
Махаббат деп түсінем бе мұны шын?»
Деген ойлар мазалады көп ішін,
Он сегіздің қашандағы жолы сын.
Көз алдында тұрса дағы қос жігіт,
Əуес үшін берді ақыры келісім
Он сегіздің қашандағы жолы сын.
Он сегізің қашандағы толы сын.
О, он сегіз! Көңіл тұнық шарайна,
Он сегіздің көкжиегі арайлы-ə!
Бұла сезім алып ұшқан өрекпіп,
Абайласаң он сегізде абайла!
Алауласаң он сегізде алаула!
Əуес шіркін оттай жайнап көздері,
Бақыттымын, бақыттымын мен деді.
Басы айналып оқыс келген шаттықтан,
Меңсұлудан басқа ешкімді көрмеді.
Оңашада қалса дағы өзді-өзі,
Жан досының күрсінісін сезбеді.
Ойламады Меңсұлудан өзгені...





Комментарии

жалгасы
жалгасы 01.09.2022 02:18
Əттеңі көп қойсаңшы бұл жалғанды, Қас-қағым сəт талқан етер арманды. Бірде құрбы қыздарымен Меңсұлу, Мерекеде Орталыққа барған-ды. Айналаны шуағына бөлеп күн, Сəндегендей салтанатқа безеп шын. Гүл көңілдер гүл əлеммен үндесіп, Пəк-пəк күлген жастық, саған не жетсін! Жайнап солай көңілдердің көктемі, Топ қыз жолдың ар жағына беттеді. Кенет жеңіл автокөлік ызғытқан, Меңсұлуды қағып өтті шеттегі. Меңсұлуды қағып өтті ой Алла-ай! Жылдамдыққа ешкім тежеу қоя алмай. Жалп етті қыз мерген атқан еліктей, Ақ көйлегі қызыл қанға боялды-ай! Жатты ол ессіз. Ал қыздар жүр аһ ұрған, Жедел жəрдем келе қалды шақырған. Қызды қаққан жүргізуші өкірді, Шашын жұлып адасқандай ақылдан. Əпсəтте ғой пəле шалса пендені, Айдан аса қыз өзіне келмеді. Кірпік қағып қайта жаны кіргенде, Жарас болды көзін ашып көргені. Жарақаты жатса дағы тым батып, Жарық күнге қайта оралу мың бақыт. Əлсіз ғана еріндері қимылдап, Жарас,-деді ол, Жарас,-деді ол тіл қатып. Жарас тіпті атып тұрды қуанып, Аң-таң күйде «өңім бе деп бұл анық» Меңсұлу деп айта берді қайталап, Кірпіктері мөлдір шыққа шыланып... ...Емделумен талай айлар өтті ағып, Меңсұлудың ауыр халі кетті анық. Əр күн сайын бірге болған Жарастан, Сұраған да жоқ Əуесті еске алып. О, оқушым, Əуесті айтпа жырымды ұқ, Жырақ кеткен біз де одан түңілдік. Ары таза жүрегіне дақ түспей, Ең бастысы аман қалды сұлулық. Он сегізде қыз жүрегі сенгіш қой, Адалдықтың ұстайықшы туын нық! Айтар болсам Меңсұлудай жұлдызды, Қарт дəрігер оны аяқтан тұрғызды. Отау тікті сүйіктісі Жараспен, Тəрбиелеп отыр бір ұл, бір қызды. Ұмыт болып тəннің сол бір азабы, Отауының оты маздап жанады. Анда-санда құрбылары бас қосып, Баяғыша мəз-мейрам боп қалады. Бүгінгінің Төлеген мен Жібегі, Кейде біздің арамызда жүреді. Ауыл жұрты тастамайтын аузынан, Жазылмаған дастан еді бұл өзі.
Ақелеу
Ақелеу 28.08.2022 18:24
Жалғасын қайдан оқимын?

Пікір жазу