19.05.2022
  146


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Алматым, кеттім саған бауыр басып...

Сағындырып жүрсе де ауыл қашық
Алматым кеттім саған бауыр басып.
Ашулансаң кетесің жауындатып
Көңілденсең жайнайсың, тауың да ашық
Алатаудың қызығып ажарына
Аралаймын сүйсініп қаланы да
Сендер менсіз əрине жайнайсыңдар
Мен сендерсіз құлазып қаламын,ə.
Тамсандырған талайды алып қалам,
Əр бұрышың, əр көшең таныс маған
Алыс кетіп бір апта көрмей қалсам
Тарта берер аңсарым ауып саған.
Рим, Париж, Вена да, Анкара да
Болсамдағы əр елде, əр қалада
Тау самалы аңсатып, сағындырып,
Мені сендей өзіңе тарта ала ма?
Баурап алып жанымды шын əсерің
Өзіңде өтті жастығым бұла сезім.
Тауыңмен де сырласам өзеніңмен
Қуаныш пен қайғымның куəсі өзің.
Қалың жыныс көз тартқан Шымбұлағың
Күмбірлетер кеудемде мың бір ағын
Көздің жауын алады жазың түгіл
Малып алған алтынға күзгі бағың
Құшаққа алса Медеудей мұз айдыны
(Мүмкін емес сүймеуің құлай мұны)
Дана екенін білдіріп бұл қазақтың
Дəл төріңде ұлы Абай тұр əйгілі.
Тамсандырған талайды алып қалам
Əр бұрышың, əр көшең таныс маған
Алыс кетіп бір апта көрмей қалсам
Тарта берер аңсарым ауып саған.





Пікір жазу