19.05.2022
  197


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Ыстықсың маған Жаркентім!!!

Талайлар қосқан əніне
Жаркент деген қала бар.
Тарихы оның əріде
Мекендеген бабалар.
Тұрақ боп талай керуенге
Жібек жолымен ағылған.
Шығыс пен Батыс елдерге
Жаркент атың танылған.
Жиһангер небір тамсанған,
Ғажайып сəулет- Мешіт тұр.
Заманды қилы қарсы алған
Кіріп шық тағзым етіп бір.
Сонау бір балғын жасымда
Басталғанда өмір сапарым
Əкемнің еріп қасына
Ең алғаш көрген Шаһарым.
Көз тігіп тауға қарашы
Керімсал самал еседі.
Жап-жасыл желек жағасы
Ағады ерке Өсегі.
Алыптығын тұр ұқтырып,
Көктеректерің əйгілі.
Қарсы алар бəрін тік тұрып,
Қас батырлардай айбыны!
Ерлікке жетер сірə не?
Ел үшін күйсе жанып шын.
Ербол мен Лəззат тұр əне
Үлгісі қайсар намыстың!
Азамат болу басты арман
Еліме берген бар сертім.
Өзіңнен арманға аттанғам
Ыстықсың маған, ЖАРКЕНТІМ!





Пікір жазу