19.05.2022
  205


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Ырғал апайды еске алу

1.
Алды-арты сұм дүние осы екен ғой,
Тіршілік жетелескен көш екен ғой.
Артқыға - ұрпақ мирас, ісің - аңыз,
Қазына, байлық жию – бос екен ғой.
Топырағың жұмсақ болсын Ырғал апа,
Ойладым өткен күнді мұңға бата,
Есіме түсті класс, орта мектеп,
Жап-жас боп сабақ беріп тұрған апа.
Мейірім төгілетін көздеріңнен,
Пейілің сезілетін сөздеріңнен.
Басқадан жөні бөлек апай едің,
Жүрісің, тұрысың да өзге мүлдем.
Білмеппіз балалықтың тұсында онша,
Кеше гөр, артық кетпен тұсым болса.
Сізбенен салыстырам: Ана, Ұстазды,
Жаңадан танысқан бір кісілі болса.
Баладай қарапайым, етене едің,
Арсыз ғой ажал-тағдыр не етер едім?!
Қысылған жүрегімді қолмен басып,
Тұсыңнан дұға оқып, өте бердім.
Жасырып жақсыларды жатыр құмдар…
Жел ғана аят қосқан атын тыңдар…
Өмірден түк бітірмей өткендер бар.
Сіз – бақыттысыз! Перзентің, шəкіртің бар!
О, апа, жайлы болсын жатқан жерің,
Бос кеткен жоқ еңбекпен аққан терің.
Ана мен Ұстаз алдын көргендердің,
Бəрі де жүрегінде сақтар дедім…
2.
Сұлу еңіз, күлімдеп қарағанда,
Мəз болып, таңданатын балалар да,
Ер балдар жігітсінін, қыздар шашын,
Сізге қарап тарайтын тарағанда.
Күтуші ек сабақ сайын келсеңіз деп.
Өмірден əңгіме айтып берсеңіз деп.
Сырластай қабылдадық əпкеміздей,
Мұңдастай қабылдадық жеңшеміз деп.
Көрсетпей артық мінез, болып кердең,
Орныңыз белгіленіп толық төрден.
Қазақтың ардақ тұтар қызы едіңіз,
Ауылға адал келін болып келген.
О өмір, ескен желдей жылдам өмір,
Тұзағын ажал болып құрған өмір.
Жылдарды еңбегімен жеңіп өткен.
Жасай бер жүректерде Ырғал-өмір!
Өлмес кім бар, із қалдыр өлсең деймін,
Батыр аға, түспесін еңсең деймін.
Жақсы аты жүректерде жазылған соң,
Апайды өнді деуге мен сенбеймін!
Жыр жаздым тəңірімнен шабыт тілем,
Апайдың аруағынан тауып тірек –
Дүниеде жақсы адамның аты өлмейді,
Жігіттер, тірі өліктер қауіптірек!!





Пікір жазу