19.05.2022
  220


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Салқын жайлау, самал жел...

Салқын жайлау, самал жел,
Ит қор болды – ау, қайран ел !
Халық қамын ойлайтын,
Туар ма екен бір кемел!
Қыдыр қонып түстенер,
Аруақ қолдап күш берер,
Қайта айналып қонар ма,
Көктөбеден көшкен ел!
Мен аруақпын, елеспін,
Өлеңіммен кеңестім.
Туған жерді тастайтын,
Құлдан туған емеспін.
Тауды əкете алмайсың,
Жерді əкете алмайсың.
Қорымыңды сыйламас,
Мəңгүртсің бе қандайсың?
Көңіл жатыр құлазып,
Өмір жатыр құр азып.
Айтқан сөзім жетер ме?
Астанаға қыр асып!
Мырзакелді Кемелім,
Ибадулла - өренім,
Омарбек,сіз де бұл сөзді,
Ойлап көрсең деп едім.
Керек болса өлеңім,
Көбік қылып төгемін,
Ақшақұмар ауылымда,
Намыс жоқ па, не дейін?!
Жастарың бар, қартың бар,
Жүкті бірге тартыңдар.
Қазақ жерін қайтарсын,
Хан иеге айтыңдар!
Қоңыр мінез қалпың бар,
Қоңыраулы салтың бар.
Қоқан жақтан қоқаңдап,
Қойыңды алған сартың бар.
Қозғалмайық аруақты,
Қозғамауға антым бар.
Қойныңа кірген жыланды,
Қом түйедей қарпыңдар.
«Қой» демесең қызың кетеді,
Қойныңды қорға, алтын бар!
Құжат деген шартың бар,
Астанаға артыңдар!
Шымқорған да Шамалған,
Сияқты деп айтыңдар!
Миллиондаған халқым бар,
Қоңырат деген атың бар,
Мың арызбен шарпыңдар,
Қалып кеткен жеріңде,
Қайтатын Бақ, даңқың бар!





Пікір жазу