19.05.2022
  138


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Омарбек көке, ойлашы...

Омарбек көке, ойлашы,
Несіне өмір сүреміз ?
Жері кеткен ел болып,
Жерге қарап жүреміз.
Той дегенге тоя алмай,
Көкпар тартып күлеміз.
Анасын сатқан адамдай,
Ақыры жерге кіреміз.
Алып қалмас ажалдан,
Қабат – қабат үйің де,
Ел үстінен жиналған,
Машина да, киім де.
Жердің құнын білер кім?
Бас үйреніп июге –
Қара жерге кірермін,
Сол қарабет күйімде.
Егесі жоқ Елім бар,
Иіліп тұрған белім бар.
Бабалардан аманат,
Қайтпай қалған кегім бар.
Тарқамаған шерім бар
Буға айналған терім бар...
Омарбек көке, ойлашы,
Ішкенім ірің болып жүр,
Жегенімде желім бар.
Басым ойдың қоймасы,
Бомба болар жөнім бар.
Осыларды айтатын,
Өзіңнен басқа қандай Ерім бар?





Пікір жазу