19.05.2022
  135


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Жақыптың атынан жазылған өлең

Бісміллə! Əуелі айттым мен Құдайды!
Алла десек көңіліміз болды жайлы.
Алғида Құлшекеден үш ұл туған -
Бигелді, Жангелді мен Жолдыбай-ды.
Бигелді атамыздың үлкені еді,
Əгі деп айтып кеткен жұрт, ел еді.
Құлшеке баласының көрнектісі,
Есқара өткір сөздің көркемі еді.
Ел оған, ол да еліне еркеледі,
Басынан сөз асырмас еркек еді.
Ел намысын қорғайтын ер мықтысы,
Жүрегін отқа салып өртер еді.
Жақыппын – баласымын Есқараның,
Сыйлайды ағайыным,дос – жараным.
Ер жасы – елуге де жасым жетті,
Əруағын əкеміздің еске аламын.
Жақыппын – баласымын Есқараның,
Мен едім ең кенжесі үш баланың.
Бізден де зулап өтер жел дүние,
Талайлар шашып кеткен босқа малын.
Жақыппын – Есқараның баласымын,
Көзінің ағы менен қарасымын .
Əкенің аруағына ескерткішке,
Таныдым Кітап қой деп бар асылым.
Баласы Есқараның атым Жақып,
Тірліктің жақсы, жаман дəмін татып.
Кітаптан бір ескерткіш қоймақ болдым.
Оңаша бір күндері ойлап жатып.
Əкенің шақ –шақ еді жүрген жері,
Солай дейді көргендері, ергендері.
Ойланып, ұзақ толғап сөз айтпайтын,
Ондыққа дəл тигізер – тіл мергені.
Көп сөзі ел ішінде, айтады олар,
Сол тілдің «оғы» тиген бар талайлар.
Ақ жүрек, иман жүзді қариялар,
Тілімен естеліктер қайталанар.
Келерін қашан, қайтіп сын сағаттың,
Білмейміз, оған айла жұмсамақ кім?
Ақыл – күш, жиған – терген дүние – малды,
Əкемнің кітабына жұмсамақпын.
Артында мал қалдырған, тал қалдырған,
Талайды иірім- өмір айналдырған.
Əкеміз əзіл сөздің ұстасы еді,
Табанда айтқан сөзі таңдандырған.
Сөз емес құрап айтқан бардан – жоқтан,
Əкеміз əзіл сөзден қорған соққан.
Сонымен, Əуезовше «от жағамыз,
көшкен жұрт, күл астында қалған шоқтан ».
Тұлпардай қуанатын шапқанда елі,
Ақталсын қаламдоздың аққан тері.
Алғида Есқараға дұға етіңіз,
Марқұмның жайлы болсын жатқан жері





Пікір жазу