19.05.2022
  858


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Қаныш Сәтбаевқа

Қаныш аға, таныс аға едіңіз,
Жастай туған елдің қамын жедіңіз.
Қазақстан – атамекен байлығын,
Арттыруда сіздің тапқан кеніңіз.
Ғылым шыңын бетке алып шықтыңыз,
Талантпенен талайларды жықтыңыз.
Менделеев элементінің барлығы,
Бізде барын дəлелдеген мықтымыз.
Бəйтерек қып Академия бұтағын,
Ғылымменен көтердіңіз Ұлт əнін.
Ұлы Əуезов «Абай жолын» тудырса,
Сіз жаздыңыз қазба байлық кітабын.
Талай жоспар күрделі еді, ойың нақ,
Арызқойлар жатты сөзбен сойылдап.
Аз қазақтың маңдайына сыймадың,
Əлем сізді жатқан кезде мойындап.
Əлем кезіп кетсе Əуезов, Абайлар,
Əміремен əн боп таңым арайлар,
Сəтбаевты «қазақ осы!» деп біліп
«Ломоносов – Қаныш» деді, талайлар.
Кен картасын қолға алып, қырды асып,
Қазба орнын бірінен соң бірді ашып.
Тасжүректер түсінбеген кездерде,
Тастарменен кетуші едің сырласып.
Ел бола ма – қазынасыз, мұрасыз,
Ерді айтса – алдыменен шығасыз,
Алтынды айтса – алтыннан да қымбат боп,
Ескерткіш боп Ел алдында тұрасыз!





Пікір жазу