Абайға
(бірінші өлең)
Өлді деуге бола ма, дана ақынсыз,
Замандассыз бізбенен, дара Ақыл – Сіз.
Бірге жасап, бізбенен бірге жүрсіз,
Болашаққа бізбенен баратырсыз.
Махаббаттай сақтаған елді есіне,
От жақтыңыз халықтың кеудесіне.
Уақытты да жеңдіңіз, ғасырларды,
Қоймады ұлы өнер көнбесіне.
Бүгінде қазақ үшін сүйікті ақын,
Еңбектерің төрде тұр, биікте атың.
Адамзаттың күмбезін көтерісіп,
Бірге өсіп келеді жұрағатың!
Əніңменен тербеліп, өртеніп қыр,
Ғашығына жастарың шертеді сыр.
Əрбір сөзің бұлбұлдай бұтақтағы,
Жұп-жұмыр боп жарасып, сап түзеп тұр.
Бүгін қазақ əр күні бір-бір дастан,
Алға тартып барады бұрылмастан.
Абай біреу əрине, мың жылда да,
Талай ақын шықса да небір жастан.
Өлді деуге болмайды, шын Данасыз,
Мəуелі бəйтеректей ырғаласыз.
Ұлы Абай атыңыз жұлдыз болып,
Ұрпақпен, Болашақпен бір боласыз!
(Екінші өлең)
Құдіретті, шабытты, шалқар ақын,
Арқалаған көп арман арқалы ақын.
Нəрестеден нəрлі сөз аңғарыпсың,
Кер заманның шерінен қан таматын.
Зар заманның тап болдың азабына,
Сол заманның кесапат, ажалына.
Ақын болдың ақ көңіл айнасы бар,
Ұлы жыр ой түсірді қазағыма.
Батыр жырдың батыры, өзің едің,
Мұңды ғасыр шыңы деп сезінемін.
Ертегідей бастайды бостандыққа,
Еркіндіктің қыраны, сөз ілетін.
Томағаңды жасыңнан ала алмадың,
Қара түнек басыңда, қоғамда мұң.
Арпалыстың диюмен алысқандай,
Көр тұманда ашық жол таба алмадың.
Сол заманның улы айнасы түнерді,
Қаныңды өсек бұрқыратты – ұл өлді.
Қара жүрек қанжарға ұмтылатын,
Айдап салды қан ішетін біреуді.
Өлмейсің сен ұлы ақыны ақынның,
Əз тұтатын перзентісің халқымның.
Ұлы еңбегің қолымызда, көзіңдей,
Əрбір сөзің сынығындай алтынның.
О, менің даңқты ұлым, дара туған,
Əлі де от лаулайды қанатыңнан.
Армандаған ғасырың алдыңда тұр,
Ақынсың мың ғасырда жаратылған.