19.05.2022
  150


Автор: Мылтықбай Ерімбетов

Төлеген Айбергеновке

Отызға жетпей өмірден өттің,
Өлең-жыр болып көңілде кеттің.
Кітабың шағын, ойларың терең,
Ақындық деген төріңе жеттің.
Жастай жалындап жанып та өттің,
Еңбекті түгел халыққа еттің.
Жиырмасыншы ғасырдың жүгін,
Келер ғасырға алып та өттің.
Ақындарға бас болып қалдың,
Қашалған жырдай тас болып қалдың.
Құрдастарың жетпіске келді,
Ал сен мəңгі жас болып қалдың.
Қаныңның қызу ағысы басым,
Келер ұрпақпен табыса аласың.
Жарыса аласың, жаңа ақындар,
Жарысып көрсін, бағын сынасын!
Қасым менен Мұқағалиды,
Абдолла ақын, Жұмағалиды,
Баубек пен Саттар, өзіңді жəне,
Талант деп халқың, сірə, таниды.





Пікір жазу